Жастар дәстүр мен салттардың білгірлері ретінде
14 ақпан күні А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті қабырғасында «Қазақстан халқының білім беру жүйесіндегі дәстүр мен салттар: жастар көзқарасы» атты тақырыптағы коучинг өткізіліп, оған этномәдени бірлестіктердің басшылары және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, А. Мырзахметов атындағы КУ кафедралар меңгерушілері, оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар «Жаңғыру жолы» АЖҚ мүшелері қатысты.
Жастар жылына арналған іс-шараның модераторы, психология ғылымдарының докторы, А.Мырзахметов атындағы КУ әлеуметтік-педагогикалық пәндер кафедрасының профессоры Әсия Хайрушқызы Кукубаева болды.
Коучингтің басты мақсаты – Н. Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім моделін насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және іске асыру болып саналады.
Іс-шараның форматы түрліше болды. Алдымен, жиналған жұртшылық назарына Қазақстанда тұратын түрлі ұлттардың салт-дәстүрлері туралы баяндайтын слайдтар ұсынылды. Ең қызығы, оларды тамашалап болған соң, ұлт өкілдері көрсетілген ақпарат бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар коучинг қатысушыларына өздерін зияткерлік ойында сынап көру ұсынылып, ондағы қойылған сұрақтар біздің еліміздегі ұлттардың білім алу саласындағы мәдениеті мен дәстүрлеріне қатысты болды.
Әрбір қатысушыға Қазақстан халқын біріктіретін қандай құндылықтар екендігі туралы өз ойларын ашып жазуға мүмкіндік берген, алма түріндегі парақшалардан «достық ағашын» жасауды мақсат еткен тренинг ерекше қызықты болды.
Пікір алмасудан кейін қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыстау рәсімі өтті.
Коучинг қатысушылары біздің өңірімізде өмір сүретін ұлттардың білім алу жүйесіндегі дәстүрлер мен салттар туралы көптеген тың ақпарат алды, бұл жастар арасындағы этномәдени бірлік пен бірегейлікті қалыптастыруда аса үлкен маңызға ие.
Жас адамдар, заманауи ұрпақ міндетті түрде біздің көпұлтты елімізде тұратын халықтың мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарау сезімінде тәрбиеленулері тиіс. Дәл осыдан белсенді азаматтық көзқарас, қазақстандық патриотизм мен толеранттылық тәрбиелері бастау алады. Өз айналасымен жақсы қарым-қатынас жасай алатын, бейбітсүйгіш жастар ғана – Қазақстанның болашағын қамтамасыз ететін қозғаушы күш бола алады.