13 сәуір күні Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылында Жаңаесіл және Қараменді батыр ауылдарының тұрғындарының қатысуымен этносаралық қатынастар мәселелері мен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шараға мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты: Еркін Сейітов, Қуаныш Шақшақов, Самира Харбиева, Жанар Байділдина, сондай-ақ Целиноград аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Нығметов.
Кездесу барысында этносаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік, ақпараттық кеңістіктегі қарым-қатынас мәдениеті және арандатушылық сипаттағы жағымсыз контентті таратуға жол бермеу мәселелері қозғалды. Қатысушыларға тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді.
Ауыл тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымы ерекше атап өтілді. Ашық диалог барысында 1 мамыр мерекесіне арналған іс-шара ұйымдастыру және Жаңаесіл ауылында Достық орталығын ашу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Мұндай кездесулер қоғамдық келісімді нығайтуға, диалог мәдениетін дамытуға және қоғамның бірлігін арттыруға ықпал етеді.


