«Көрісу» мерекесі
14 наурыз күні ҚХАА «Қазақтану», «ЕЛ БІРЛІГІ» жобасын жүзеге асыру аясында «Қоғамдық келісім» КММ-де Көрісу мерекесі өтті.
Бұл қазақтың ежелден келе жатқан салты – ұзақ қыстан кейін ағайын-туыс, дос-жаран бас қосады. Бұл күні адамдар бір-бірімен кездесіп, қол алысып қуанады. Содан кейін әр отбасы көршілерімен бірге дөңгелек үстелдің басында бас қосады.
Мерекелік іс-шараға сәндік қолданбалы өнер одағының мүшелері, «Манас» этно-мәдени қырғыз орталығы және «Чинсон» корей орталығының мүшелері қатысты.
Мерекеге қонақ ретінде шешен-ингуш, чуваш, тәжік, әзірбайжан, татар-башқұрт, поляк, өзбек орталықтарының және «Русская община» қоғамдық ұйымының жетекшілері келді.
Келген қонақтар бір-бірімен ескі достардай жылы құшақтасып, нық қол алысып амандасты. Сәндік қолданбалы өнер одағының жетекші төрайымы Гүлбара Нұрқанова мен «Чинсон» корей орталығының төрайымы Ольга Лян жиналғандарға Көрісу мерекесінің тарихымен таныстырып, баршаға зор денсаулық, отбасына амандық, береке-бірлік тіледі.
Мереке аясында «Чинсон» корей орталығы қазақтың «Тұсау кесу» салтын көрсетіп, бұл салтты көрсетуге күйеуінің ұлты қазақ, әйелінің ұлты корей отбасы қатысты. Бронислав атасы немересіне батасын берсе, «Синегорье» вокалды ансамблінің солисі Венера Хан Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін көпшілікке арнады.
Ал «Манас» қырғыз этномәдени орталығымен бірге сәндік қолданбалы шеберлерінің одағы «Сырға салу» рәсімін көрсетті. «Көрісу» мерекесін балалардың қойылымдары, дөңгелек үстелде достардың кездесуі жалғастырды.