Абай туындыларын әртүрлі тілде оқыды
А. ж. 19 қыркүйегінде Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» онлайн форматта Абай Құнанбаевқа арналған халықаралық әдеби-поэтикалық кеш өткізді.
Оған Қазақстандағы ингуш диаспорасының өкілдері және Ингушетия Республикасының шығармашыл жастары қатысты.
Барлық сөз сөйлеулердің арқауы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығын, оның әлемдік әдебиеттегі орны мен рөлін талқылау болды. Қатысушылар Абайдың әлемдік рухани құндылықтар қазынасына қосқан үлесі баға жетпес екенін бірауыздан атап өтті. Ол философ, ақын, ағартушы, жаңа ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы ретінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде жарқын із қалдырды. Абай шығармалары әлем халықтарының 100-ден астам тіліне аударылған.
Ингушетия Республикасының еңбек сіңірген әртісі Барахоева Любовь және «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының мүшесі Хашиева Танзила, Абайдың өлеңін және оның өлеңіне жазылған «Көзімнің қарасы» әнін қазақ тілінде орындады.
Абай шығармашылығын талқылау барысында қатысушылар үш тілде – қазақ, орыс және ингуш тілдерінде сөйледі. Осылайша, олар ұлы ақын шығармашылығына деген өз құрметтерін, сезімдерін әртүрлі тілдерде білдірді.