Әкелер күні
Маусым айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда, әлемнің көптеген елдеріндегідей, Әкелер күні атап өтіледі.
Бұл мерекенің мақсаты – балаларды тәрбиелеу ісіне әкелердің қатысуына жақсы жағдай жасау үшін Қазақстанда әкелер институтын құру.
Мереке қарсаңында Көкшетау қаласының №2 орта мектебінде Ақмола облысы Әкелер одағының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Әкелер одағының мүшелері, жас әкелер, Әділет департаментінің, Білім басқармасының өкілдері, психологтар, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі заманғы отбасыларда: әке тек қаражат тауып, отбасын асырауы, отбасының барлық шығындарын өз мойнына алуы керек деген қате стереотип қалыптасқандығы туралы ортақ пікірде болды. Отбасындағы қаржылық тұрақтылықты іздеуде ер адамдар көбінесе өмірдің басты құндылығын – баланы өсіру мен тәрбиелеуді ұмытып кетеді. Бірақ нәресте әкесінің назарын және оның өз өміріне қатысуын қажет етеді, ол өзінің балалық проблемаларымен бөліскісі келеді. Әйел өмірдің барлық жағдайларында ер адамды алмастыра алмайды. Әкесі анасынан басқа тәрбиелік функцияларды қолданады. Ол балаға әйел жасай алмайтын нәрсені береді. Бала үшін күн сайын бүкіл отбасының мінез-құлық үлгісін байқау маңызды. Әкесі балаға ер азаматтың нәзік жандылармен қалай қарым-қатынас жасау керектігі, үлкендерді құрметтеу, жақын адамдарын жақсы көруге және оларға қамқорлық жасауға үйретеді.
-Әкелер отбасында аналарға қарағанда маңызды орын алуы керек. Егер сыған көбірек көңіл бөлетін болсақ, онда ажырасу да азаяды, өйткені ер адамдарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деп атап өтті қалалық Әкелер кеңесінің төрағасы Бекзан Алмасбек өз сөзінде.
№2 орта мектептің директоры Гүлнар Әбдіқасымова және басқа да қатысушылар жас әкелерге арнап тренингтер өткізу, балалар арасында отбасындағы әкенің рөліне арналған эссе-конкурс ұйымдастыру, ал бұқаралық ақпарат құралдарына әкелер бала тәрбиесімен айналысатын отбасылық құндылықтарды, үлгілі отбасыларды көбірек насихаттау туралы ұсыныс жасады.
Дөңгелек үстелде жалғызбасты әкелер мен аналардың, отбасындағы ажырасулардың проблемалары көтерілді. Осыған байланысты отбасы туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар да айтылды.
Жалпы, отбасын нығайтуда, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуде әкелердің рөлін арттыру туралы мазмұнды әңгіме болды.