Достық фестивалі
А.ж. 21 қыркүйегі күні Көкшетау қаласының Достық үйі аумағында Қазақстан халқы тілдерінің күні мен Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының құрылғанына 30 жыл толуына арналған шешен-ингуш мәдениетінің фестивалі өтті.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Юсуп Келигов, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының «Вайнах» шешен және ингуш қауымдастығының төрағасы Ахмет Мурадовтар фестивальдің құрметті қонақтары болды.
Мейрам «Гәкку» ансамблінің бишілері қатысқан шешен-ингуш халықтық би ұжымдарының орындауындағы хореографиялық сюитадан басталды. Жүргізушілер қонақтарды қазақ, орыс және ингуш тілінде қарсы алды. Содан кейін ұлттық киім киген таулық қыздар меймандар мен көрермендерді әр түрлі фестиваль алаңқайын аралап көруге шақырды.
Этнографиялық алаңқайда Ақмола облысының шешен-ингуш бірлестіктерінің ақсақалдары ғұрыптық әндер орындады. Көрермендер мұнда өз халқының салт-дәстүрлерін сақтап қалып, оны жастарға аманат ете білген, сан алуан сынақтан абыроймен өткен аға ұрпаққа құрмет көрсетуге пейіл білдіріп, біраз кідірді.
«Отбасылық жәдігерлердің мұражайында» шешен-ингуш этносының ұрпақтан ұрпаққа беріліп, отбасыларда ұқыппен сақталған тұрмыс заттарының экспозициясы таныстырылды.
Дәл осы жерде халықтық қолданба өнері, сондай-ақ көркемөнер шеберлерінің бұйымдарына арналған көрме ұйымдастырылды.
Салттық рөл ойнау алаңында Бұланды ауданының өкілдері барлық салт-дәстүрді сақтай отырып, үйлену салтын көрсетті.
Фестивальдің гала-концерті көрермендердің есінде біразға дейін қалады. Жалын шашқан би нөмірлері лирикалық әуенмен алмасып отырды. Бағдарлама қызықты да мазмұнды болды. Осындай сәтте халықтар достығы бірінші орынға шықты. Көрермендер қазақ, ингуш, татар тіліндегі әндерді бірдей қабылдады. Фестиваль, шын мәнінде, халықтық мерекеге айналып, Ақмола облысының этномәдени бірлестіктері шешен-ингуш этносының мейрамына ортақтасып, бірге көтерісті.
Фестивальге Нұр-сұлтан, Петропавл қаласынан, Атбасар, Сандықтау, Бұланды және Бурабай ауданынан келген делегациялар мен шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің өнер ұжымдары белсене қатысты.
Мерекенің соңында барша қонақ ұлттық тағамдардан дәм татты.