«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форум
28 қараша күні Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасын іске асыру шеңберінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырған форумның мақсаты – мемлекеттік тілді Қазақстандағы түрлі этностар арасындағы этносаралық қатынас тілі ретінде насихаттау.
Форумға қатысушыларды ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова мен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова республиканың түкпір-түкпірінен мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің қатысуымен өткен пленарлық отырыстың модераторы болды.
Сөз сөйлеген ҚХА мүшелері, ғылыми зиялы қауым өкілдері мемлекеттік тілдің маңыздылығын атап өтіп, қазақ тілін оқытудың, дамыту мен таратудың жаңа тәсілдері мен әдістемелерін қарастырды.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибесі туралы сындарлы пікір алмасу және пікірталас өтті.
Форум соңында мемлекеттік тіл жанашырларының бір тобы «Қоғамдық келісім» РММ Алғыс хатымен марапатталды.