«Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартудағы Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі»

Ақмола облысының Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері а.ж. 27 қыркүйегі күні Алматы қ. өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің «Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартудағы Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі» атты республикалық форумының кеңейтілген отырысына қатысты.

Форум барысында халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың өзекті мәселелері, жалпымемлекеттік міндеттерді шешудің жолдары, қоғамдық бақылау тетігі ретінде Қоғамдық келісім кеңесінің рөлін арттыру, аудандық (ауылдық) деңгейде және кәсіпорындарда тәжірибемен танысу белгіленді. Өзінің жұмыс істеу тәжірибесімен Бұланды ауданы, Капитоновка а/о ҚКК төрайымы Б.К. Рахымжанова бөлісіп, Ақмола облысы атынан сөз сөйледі. Форумдағы сөзінде ол халықтың әлеуметтік мәселелерін уақытылы анықтау мен оны шешу бойынша ҚКК жүргізіп жатқан алдын алу жұмысы туралы айтып, шамамен 900 іс-шара ұйымдастырылғанын, 200-ден аса азаматтың мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. «Кедергіге жол жоқ» әлеуметтік жобасы аясында арнайы мониторинг тобы 64 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуына тексерді. Ауылды дамытуға, сондай-ақ ауыл аумақтарын әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бастамаларды дамыту және қолдау бойынша «Жаңғырған ауыл» жобасын жүзеге асыру басталды.

Соңында Форумның қатысушылары халыққа Үндеу жариялады. Онда Қоғамдық келісім кеңестері халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту мақсатында азаматтық қоғам инситуттары мен мемлекеттік органдардың жұмысын жаңа бағытта дамытуға және оған халықтың барлық белсенді тобын ауызбіршілікпен атсалысуға шақырады делінген.

«Бүгін Ассамблея алдында Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауынан туындайтын ауқымды мақсат-міндеттер тұр. Соның бірі – жалпыұлттық қоғамдық үнқатысуды жолға қою Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңестерінің басты мақсаты», – деп қорытындылады сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев.

Форум кезінде қатысушылар назарына елдің әр аймағында қоғамдық келісім кеңестері жүргізіп отырған жұмыс туралы толық ақпарат көрсетілген Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі туралы экспозициялық көрме таныстырылды.