«Чәк-чәк бәйраме»

А.ж. 28 қыркүйегі Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен «Ақмола облысының татар және башқұрт бірлестігі» ҚБ астықты жинауға, жазғы жұмыстың қорытындысын шығаруға арналған «Чәк-чәк бәйраме» іс-шарасын бесінші мәрте өткізді. Бұл жай ғана дәстүр емес, ата-бабаларының мұрасына деген құрмет. Ас атасы – нан қай кезде де тоқшылықтың белгісі болды. Сол себепті басқа да ұн өнімі сияқты чак-чак дастарханның басты тамағына жатады.

Достық үйінің залында Сәндік қолданба өнері шеберлерінің одағы өз бұйымдарының көрмесін жайды. Мұнда Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Дуслык» ансамблінің орындаушысы Рамиля Мусинаның қолынан шыққан киізден жасалған бұйымдар, ұлттық мәнердегі қызықты бас киімдер ұсынылды.

Мерекелік іс-шараны Ақмола облысының татар және башқұрт бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулькарнаев ашты. Ол баршаны мейраммен құттықтап, чак-чак әлдеқашан татар халқының брендіне, игілік нышанына айналғанын атап өтті.

Содан кейін сөз облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімоваға берілді. Ол осы іс-шара жан жылуына толы екенін айтып, әрбір жанұяға амандық пен гүлденуді тіледі.

Мерекелік концертке Ақмола облысының татар және башқұрт бірлестігінің «Ғалиябану» мен Нұр-сұлтан қаласының «Дуслық» халықтық ансамблдері, би және вокал ұжымдары қатысты.

Салтанаттың шарықтау шегі татар ас үйінің тағамын үздік әзірлеуде шеберлігі сыналған аспаздық байқауының қатысушыларын марапаттау болды. Бірінші орында, әлбетте, әр жанұяда дайындау тәсілі ұрпақтан ұрпаққа беріліп жүрген чак-чак тұрды.

Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының жүлдесі астау Хуррия Фатхиеваға бұйырды. Оны табыстаған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева чак-чак дегеніміз нағыз татар ас үйінің нышаны және ол бүгінде Қазақстанның барлық этносының мерекелік дастарханының сәнін келтіретінін атап өтті.

Көкшетау қаласы әкімінің сыйлығын Галия Рахметулина алды. Бірінші орын – Мунира Салимовада. «Татарочка-кулинарочка» байқауының барлық қатысушысына естелік сыйлықтар берілді.