Қоғамдағы бейбітшілік пен этносаралық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта «Алтынтау Көкшетау» АҚ қызметкерлерінің қатысуымен этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықты нығайтуға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов қатысып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтаудың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде этносаралық келісім – ел тұрақтылығының негізгі тірегі екенін атап өтіп, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтау мен жауапкершілікті сезінуі маңызды екенін жеткізді.
Кездесу барысында ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыруға жол бермеу, сондай-ақ 180-бабы – сепаратистік әрекеттерге жария түрде шақыру бойынша заң талаптары кеңінен түсіндірілді. Мамандар бұл нормалардың қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық тұтастықты қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар этникалық топтар арасындағы өзара сыйластықты сақтау, арандатушылық сипаттағы ақпараттарға ермеу, жалған деректердің таралуына жол бермеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қозғалды. Қатысушылар азаматтық жауапкершілікті арттырудың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысы еңбек ұжымдарында бейбіт әрі тұрақты ахуал қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталды. Мұндай кездесулер ұжым ішіндегі өзара түсіністік пен сенімді күшейтіп, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Жалпы, аталған кездесу қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.



