Басты бетЖаңалықтарБірлік пен жауапкершілікке негізделген қоғамдық диалог

Бірлік пен жауапкершілікке негізделген қоғамдық диалог

2026 жылғы 2 ақпанда Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасына арналған «Бірлік – әралуандықта» тақырыбындағы диалог алаңы өтті. Іс-шара Ата заңның жаңартылған мәтінінде бекітілген құндылықтарды қоғамдық талқылау, азаматтық көзқарастарды саралау және ортақ ұстаным қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Диалог алаңына қоғамдық құрылымдардың өкілдері, сарапшылар, этномәдени бірлестіктер мүшелері мен азаматтық қоғам белсенділері қатысты. Кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов ашып, жүргізіп отырды.

Іс-шара барысында 2026 жылғы 31 қаңтарда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды. Аталған құжат – азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жүйелеу, кең ауқымды қоғамдық талқылаулар мен сараптамалық жұмыстардың нәтижесі екені атап өтілді.

Конституциялық реформалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамаларымен тығыз байланысты. Атап айтқанда, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент бір палаталы Парламентке көшу идеясын ұсынып, басқару тиімділігін арттыру мен азаматтардың мүддесін қорғауды негізгі басымдық ретінде айқындаған болатын. Бұл бастамалар 2026 жылғы Ұлттық құрылтайдың V отырысында жалғасын тапты.

Жиында қоғам белсендісі, саясаттанушы Асылбек Баяжұма жаңа Конституция жобасының қоғамдық сұранысқа сай әзірленгенін, құжатта адам құқықтары мен заң үстемдігі қағидаттарының күшейтілгенін атап өтті.

Сондай-ақ бас сарапшы, Ғылыми-сараптамалық топтың үйлестірушісі Тілектес Нұрсейітов жаңа заң жобасының ғылыми-құқықтық негіздеріне тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістердің жүйелілігі мен институционалдық маңызын саралады.

Этномәдени бірлестіктер атынан сөз сөйлеген «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев Конституция жобасының қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше мән беріп, ел бірлігі мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасудың «еркін микрофон» форматында өз ойларын ортаға салды. Айтылған ұсыныстар мен тұжырымдар жаңа Конституция мәтінін тереңірек түсінуге және оны жетілдіруге өз үлесін қосатыны атап өтілді.

Тақырып бойынша
spot_img

Ұқсас мақала

Соңғы мақала