Көкшетауда «Қоғамдық келісім» КММ алаңында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы тәрбиесі – құқықтық мәдениеттің бастауы» атты семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру және жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылау.
ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айнұр Жахина алғы сөзінде отбасы – ұлт тәрбиесінің негізі екенін атап өтті.
«Бала тәрбиесінің негізі – отбасы. Ұрпақтың құқықтық мәдениеті мен адамгершілік қасиеттері ең алдымен ата-ана тәрбиесінен қалыптасады. Сондықтан аналардың қоғамдағы рөлі ерекше», – деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты, «Ана үйі» ҚҚ өңірлік өкілі, «Demeu-Senim» қоғамдық қорының басшысы Құралай Жұмабекова қоғамның басты байлығы – бақытты әрі берекелі отбасы екенін айтты. Ал «Amanat» партиясы Ақмола облыстық филиалы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова көпбалалы және жалғызбасты отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға қатысты өзекті мәселелердің заң аясында шешілу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. «Respublica» партиясының Re.Women әйелдер қанатының төрағасы Анаргүл Мұхамедрахимова да отбасының қоғамдағы рөлін атап өтті.
Семинар барысында Әжелер клубының мүшелері де сөз алып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар белсенді аналар марапатталып, концерттік нөмір ұсынылды. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Отбасы – қоғамның тірегі, ал ана тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі.




