2026 жылғы 24 ақпанда Көкшетау қаласындағы Қоғамдық келісім мекемесінде «Жаңа Конституция – болашаққа бастар жол!» тақырыбында бірыңғай желілік дөңгелек үстел өтті.
Ауқымды қоғамдық талқылауға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының активі, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктер өкілдері, еріктілер орталықтарының мүшелері, қоғамдық құрылымдар мен жергілікті қауымдастық белсенділері қатысты.
Іс-шараны Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов жүргізіп, Конституциялық өзгерістердің ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Жиын барысында облыстық мәслихаттағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі Анар Аяпбергенова сөз сөйлеп, ҚР Конституциясы жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол Ата Заңның жаңаруы – әділетті қоғам құру жолындағы тарихи қадам екенін жеткізді.
Сондай-ақ «Ақмола облысы поляктар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Нагачевская алдағы республикалық референдумның маңызына тоқталып, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы ел тағдырына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.


