Марқұмның қайтыс болуына байланысты отбасы, туған-туыстарына көңіл айтамыз
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚХАА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеғұл Ғосман Төлегұлұлы дүниеден озды.
Ғосман Төлеғұлұлы 1950 жылдың 19 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Әлжанка ауылында дүниеге келген.
1966 жылы Имантау орта мектебін бітіріп, тракторшы, байланыс монтері болып жұмыс істеді. 1969-1971 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1975 жылы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша, 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітірді.
1972-91 жылдары Зеренді аудандық газетінде, Зеренді аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы; «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозы парткомының хатшысы; облыстық «Көкшетау» газетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап мемлекеттік қызметте: әкімнің баспасөз қызметінің басшысы, облыстық тілдер басқармасының бастығы, облыстық әкімдік аппаратының идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарушы хатшысы, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бөлім бастығы болды. 2000 жылы Ақмола облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, 2004 жылы Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып, 2016 жылы Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ал 2023 жылы ҚХАА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасы болып тағайындалды.
Ғ.Төлеғұл көптеген жылдар бойы әдеби қызметпен айналысты. Аймақтық және республикалық басылымдарда жарияланған көптеген публицистикалық жұмыстардың авторы. Жарияланымдары мен зерттеулерінің негізгі тақырыптары халық және туған өлке тарихы, саясаттану және түркітану, әдебиеттану, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту, жалпыұлттық келісім мен қоғамдық тұрақтылық мәселелері болды. Оның қазақ тілінен орыс тіліне аудармасында 50 кітап, орыс тілінен қазақ тіліне 23 кітап жарық көрді, сондай-ақ идеологиялық қызметкерлерге арналған және т.б. бірқатар еңбектердің құрастырушысы және редакторы.
Ақмола облысының Құрметті азаматы Ғосман Төлеғұл «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, мерейтойлық медальдармен, «Бірлік» алтын медалімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен, «Мәдениет қайраткері» және «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгілерімен, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, Грамоталарымен марапатталған. Оның есімі ҚР мемлекеттік қызметінің Құрмет Кітабына енгізілген.
Жаны жайсаң Ғосман аға сенімді және дана адам болды. Ол бізге әрқашан құрметпен және қамқорлықпен қарап, өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісті. Оның сөздері біз үшін даналық сабақтары сияқты еді және біз оның пікіріне әрқашан құрметпен қарадық.
Ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, өйткені ол тек жасы үлкен аға емес, сонымен бірге нағыз дос және тәлімгер болған.
Марқұмның қайтыс болуына байланысты отбасы, туған-туыстарына көңіл айтамыз.