Медиация саласындағы жұмысты жетілдіру

А. ж. 19 ақпанында «Қоғамдық келісім» КММ  облыстың кәсіби және кәсіби емес медиаторларының, сот, ҚХАА Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі сынды қоғамдық құрылымдары өкілдерінің қатысуымен «Медиация саласындағы жұмысты жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Медиация

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е. Б. Нұғыманов өз сөзінде медиация институтын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру аясында Достық үйі этносаралық шиеленістің, қоғамдағы этносаралық ксенофобияның алдын алу шараларын әзірлеу бойынша жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырғанын атап өтті. Осы мақсатта ҚХА желісі бойынша 1 кабинет және 38 медиация алаңы жұмыс істейді, онда 9 кәсіби және 324 кәсіби емес медиатор өз қызметін жүзеге асырады. ҚХАА әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Ашық әнгіме» айдары іске қосылды, «Қоғамдық келісім»  КММ сайтында «медиаторға өтінім»  қосымшасы жұмыс істейді, оның көмегімен «онлайн» режимінде кәсіби медиатордың консультациясына өтінім беруге болады. Осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін Достық үйі соттармен, кәсіби медиаторлармен тығыз ынтымақтастықты жалғастырады.

«Халықаралық медиация орталығы» РҚБ өкілдігінің басшысы.Т. Т. Бейсембаев этносаралық қатынастар саласында жұмыс істейтін қоғамдық медиаторларға әдістемелік, консультативтік көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы А.Ө. Жұматаева отбасылық медиация саласындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті, мақсаты жанжалдасушы тараптарды сотқа дейін татуластыру болып табылатын «отбасылық сот» жобасы туралы айтты. Ол үшін аудандық, қалалық соттар жанынан психологтар, қорғаншылық органдарының қызметкерлері, ҚХАА қоғамдық құрылымдары – Аналар кеңесі, Билер кеңесі қатарынан отбасылық консультациялар беру ұйымын құруды ұсынды.

Сөз сөйлеген облыстық және қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағалары Ғ. Т. Төлеғүл, Ш. Ш. Әлиев, Зеренді ауданының Аналар кеңесінің төрайымы К. С. Рақымжанова татуластыру рәсімдерін өткізу, отбасындағы, еңбек ұжымдарындағы даулы мәселелердегі істі сотқа жеткізбей шешу үшін, Билер кеңесінің, Аналар кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелерін белсенді пайдалануды ұсынды.

Дөңгелек үстел аясында медиация кабинетінің тұсаукесері өтті және «Қоғамдық келісім» КММ мен «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.