Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын

2017 жылдың 26 мамыры, сағат 11.00-де Ақмола облысы әкімінің аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасымен бірлесіп ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргіннің басталуының 80 жылдығына арналған «Қазақстанның тарихи естелігіндегі ХХ ғасырдың 30-шы жж. – 50-ші жж. басындағы саяси қуғын-сүргіндер» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті дамыту, біздің ортақ тарихи мұрамызды насихаттау, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың тарихын ашу болатын.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері, ғылыми-сараптық топ мүшелері, Қазақстан халқы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрларының профессорлық-оқытушылар құрамы, жоғары оқу орындар мен колледждердің студенттері, қаланың қоғамдастығы қатысты.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жақыпова Марал Қажыкенқызы конференцияны өзінің алғы сөзімен ашып, іс-шараның бағдарламасын таныстырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.

Конференция барысында қуғын-сүргін тарихы жалпылама талқыланды. Сөз сөйлеушілердің арасында философия ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Жалпы тарих тарих және философия» кафедрасының доценті Абдулина Рауза Жақсымбайқызы «КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргін мәселесі» тақырыбында баяндама оқыды, сонымен қатар гуманитарлық ғылымдар магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Жалпы тарих тарих және философия» кафедрасының аға оқытушысы Төлепбергенов Ғалымтай Мәлікұлының «ХХ ғ. 30-шы жылдарындағы репрессияға ұшыраған ақмолалықтар» тақырыбындағы баяндамасымен сөз қозғады. Қуғын-сүргін қайраткерінің ұрпағы Цой Жанара Николаевнаның сөйлеген сөзі келушілердің жүректерін тебірентті. Ол өзінің ата-бабасының қысқаша тарихымен бөлісіп өтті.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жақыпова Марал Қажыкенқызының айтуы бойынша, алдағы уақытта Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларымен бірлесіп бірнеше ұлттық жобаларды іске асыруды жоспарлауда.

Іс-шара соңында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ғылыми-сараптық топтың төрағасы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісінің орынбасары Қапышев Ардақ Қайыржанұлы келушілердің алдында сөз сөйлеп, оларға конференция жұмысына қатысқаны үшін алғыс білдірді. Осыдан кейін қатысушылар Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Халықтық сәндік-қолданбалы шығармашылық шеберлері қауымдастығының көрме залын тамашалады.

Сейтмағанбетова Жазира Тоқтарқызы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі,

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының маманы