«Рухани жаңғыру» – «Қазақтану» жобасы Атбасар ауданында!
ҚХА-ның бастамасымен ұсынылған, қазақстандық этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын Ақмола облысы аумағында жүзеге асыру ісі жалғасуда. Бұл жолы іс-шаралар ұйымдастырушылары «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ және ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі «Қазақтану» жобасы аясында Атбасар ауданында жоспарланған жұмысын ұйымдастырды.
Атбасар, Есіл, Жақсы, Жарқайың аудандарының өкілдерімен өткен кездесу, асық ойыны бойынша шеберлік сабағы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама, осының барлығы аталмыш іс-шара қатысушыларының есінде ұзаққа сақталары анық.
«Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Рухани жаңғыру» – «Қазақтану» жобасының рөлі, мақсаты мен міндеті туралы баяндама оқыды.
ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова Атбасар қаласының №8 орта мектебінде өткен «Шаңырақ» отбасылық қарым-қатынас клубының ашылу салтанатына қатысты.
Атбасар ауданында бұл күні орын алған ең маңызды оқиға, төрайымы Комбатураова Ұлболсын сайланған аудандық Аналар кеңесінің ашылуы болды. ҚХАА Зере Қиықова өзінің құттықтау сөзінде, Кеңес жұмысына, «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру істерінде мол табысқа жете беру тілегін білдірді.