«Қызды тәрбиелеу арқылы, күллі ұлтты тәрбиелейміз»

«Егер ұл баланы тәрбиелесең – бір отбасының отағасын тәрбиелейсің, егер қызды тәрбиелесең – бүкіл бір ұлтты тәрбиелейсің», – деген қазақ халқының мақалы бар. Сондықтан да ежелден бері қазақтар қыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Қыз деген – тәрбие және халық болашағының негізі, өмірдің гүлі, бақыт пен молшылықтың, отбасының сақтаушысы саналған.

Қазіргі заманауи әлемде ұлттық мәденеттің өзіндік ерекшелігін сақтау қиынға түсіп отырған кезеңде, сұлулықтың, инабаттылықтың, жан-жақтылықтың символы саналатын қыздарды тәрбиелеу ісінде Зере Қиықова жетекшілік ететін ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің атқарып отырған міндеті мен қызметінің алар орны зор.

Бұл жолы қалалық модельді қазақ кітапханасымен бірлесіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері, рухани құндылықтарын насихаттауға, жас қатысушылардың дағдылары мен қабілеттерін тексеруге бағытталған «Үлгілі қыз» байқауы өткізілді.

Құрамында ҚР халық әртісі Жібек Бағисова, ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Көкшетау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова, «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасының жанындағы Іскер әйелдер одағының мүшесі Шынар Абуталиповалар болған қазылар алқасының алдында үздіктердің ішінен ең үздігін таңдауды қажет ететін қиын міндет тұрды.

Байқауға қалалық қыздар клубтарының мүшелері белсенді қатысты. Байқау қатысушылардың шығармашылық және білім деңгейлерін толық әрі жан-жақты көрсетуге мүмкіндік беретін «Өзін-өзі таныстыру», «Білім және дәстүр», «Өнерім – өмірім», «21 ғасырдағы қыздардың киіну үлгісі» атты төрт кезеңге бөлінді.

«Үлгілі қыз» атағына Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Кербез» қыздар клубының атынан қатысқан Мерей Сыйлан ие болды. Бірінші орынды қалалық модельді қазақ кітапханасының «Үкілім-ай» клубынан Аружан  Сейітханқызы алды. Екінші және үшінші орындарға сәйкесінше Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Айғаным» клубынан Бөтакөз Абсадық және Көкшетау қаласы №18 ОМ «Қыз Жібек» қыздар клубының мүшесі Дана Қабдина тұрақтады.

«Білімді қыз»  «Гүлнұр Көпжүрсінова атанса (Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Айғаным» клубы), «Өнерлі қыз» болып – Үміт Серікова (Көкшетау қаласы №17 ОМ «Мәншүк» клубы) танылды. Ал көрермендер көзайымы сыйлығын бірауыздан Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Кербез» қыздар клубының тағы бір өкілі Дарина Жоямергенова иеленді.

Бахыт Мухамедрахимова–Тасова, Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-хатшысы