«Көненің ізі – салт-дәстүрдің көзі»
Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің «Көненің ізі – салт-дәстүрдің көзі» атты қорытынды іс-шарасы өтті. Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 27-жылдығы мен ҚХАА-ның жанындағы Аналар кеңесінің құрылуына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған іс-шараға ҚХАА-ның жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, қыздар клубтарының өкілдері қатысып, сонымен қатар Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының бас маманы Д. Майрамова, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Г. Шөкеева және Ақмола облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы Б. Рақышев шақырылды.

Әйел ананың, отбасы ошағын сақтаушы жанның алар орны ерекше, өйткені өскелең ұрпақ тәрбиесіне – тәуелсіз Қазақстанның болашағы тікелей байланысты. Осы ретте, іс-шараға болашақ ана саналатын жас буын өкілдерінің қатысқаны, олардың тарихпен дәстүрге деген құрметі ғана емес, сол дәстүрлерді ұстануы айтуға тұрарлық жағдай.

Аналар кеңесінің қамқорлығымен қызмет ететін қыздар клубтары қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттайды, және бұл іс-шара барысында түрлі салт-дәстүрлерді театрландырылған көріністер арқылы орындау арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараға қатысушылар «Ұлттық тағамдар», «Қызды қырық үйден тыю», «Саукеле», «Сыңсу» сияқты қазақтың ежелгі дәстүрлерін тамашалауға мүмкіндік алды.

Шара соңында ҚХАА-ның жанындағы Аналар кеңсінің төрайымы З.Қиықова 2018 жылы жасалған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Атқарылған жұмыс аз емес, дегенмен келер 2019 жылы да кеңесті көптеген шаруа күтіп тұр. Тек қана сол жоспарлардың сәтті жүзеге асырылуын тілеу қажет. Іс-шара Аналар кеңесінің мүшелері мен қыздар клубтары өкілдерін марапаттау рәсімімен аяқталды.
