Қоғам белсендісі, тіл жанашыры, ардақты ел ағасы Мейрамбек Қиықұлы 80 жаста

Туған елінің мерейі үшін кәтепті қара нардай еңбек етіп келе жатқан, азаматтық ажары, кісілік келбеті, пайымды парасаты жалпақ жұртқа танылған, ұлт мұратының жоқшысы, абыз деңгейіндегі тұлға облыстық  «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықұлы Қиықов 80-ге толып отыр.

Мейрамбек Қиықұлының желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бағыт беріп, халқымыздың қалаулы ұлы, ұлы ғалым Қаныш Сәтпаевтың өнегесін ұқтырғанының өзі тамаша тәлім. Осы еңбегі арқылы ондаған жастың Сәтпаев бастаған сүрлеуге түсуі ел болашағына қосқан еңбегі деп білеміз. Ана тіліміздің аясын кеңейтіп, қолданылу өрісін көркейтуге қосқан еңбегі өз алдына бір төбе. Ел есінен шыққан ұлттық асық ойынын республикалық дәрежеге жеткізіп, ЮНЕСКО тізіміне ілінуі үлкен жетістік!

Аталарымыз «Қанаты бүтін – сұңқар, тұяғы бүтін – тұлпар жоқ» деген.  Жарты ғасырдан астам ағамыздың жанына  серік, өміріне көрік болған Зере Еспайқызы да бекзат болмысымен, пайымды парасатымен таңның мөлдір шығындай жан тазалығымен қасиетті Көкшенің қастерлі елінің есінде ұзақ уақыт қалары сөзссіз. Бір арнада тоғысқан мақсат-  мұрат, алға қойған асқаралы, жүйелі жоспарларының  арқасында еліміздің рухани әлеміне өте мол, мәйекті, мағыналы үлес қосылды.

Мейрамбек Қиықұлы осы атаулы күні Көкшенің Оқжетпесі тәрізді көз – көрім жерден көңіл тоғайтып тұратын биік, асқаралы тұлғаңызбен тағылымға, өнегеге айналдыңыз! Өміріңіз шуақты, денсаулығыңыз қуатты болып, халқымыздың рухани әлеміне кәусар қазынаңызбен қызмет ете беруге жазсын!

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы

жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы