Жарқайың ауданындағы «Достық дәмі» фестивалі
Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Жарқайың ауданында облыстық «Достық дәмі» фестивалінің кезекті кезеңі өтті.
Бұл ауданда армян этносының өкілдері тұрады. Мәдениет үйі келген қонақтарды мерекелік көңілмен дәстүрлі шәшумен қарсы алды Залда армян халқының сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, аудан тарихымен таныстыратын экспонаттар ұйымдастырылған. Қонақтар армян этносының өкілдерімен әңгімелесіп, олардың ұлттық тағамдарының дәмін татты.
Аудан әкімі Жанболат Хамитов, «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысы Ермек Нұғыманов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мырзабек Құдайберлі фестивальге қатысушыларға құттықтауларын арнады.
Өз сөзінде «Арарат» армян этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Вачик Мавсисян Қазақстан халқының достығы мен бірлігін нығайту туралы айтып, армян этносының тілі мен мәдениетін дамытуға қолдау көрсеткені үшін мемлекеттік органдарға алғысын білдірді. Оның сөзін армян әйелі Карин Молнар қазақ тілінде жалғастырды.
Содан кейін армян қазақ әйелдерінен құралған топ «Бесік салу» деген қазақ салтын көрсетті. Мереке этномәдени бірлестіктің және мәдениет үйінің үздік ұжымдарының өнерімен жалғасты.
Ассамблея жұмысына белсенді қатысушы Жарқайың ауданы өкілдері «Қоғамдық келісім» КММ-нің алғыс хатымен марапатталды.