Астанадағы алқалы жиын

29 қараша күні Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік Ақсақалдар кеңестерінің қатысуымен отырыс өтті. Біздің Ақмола облысынан отырысқа Ақсақалдар кеңесі төрағасы Төлеғұл Ғосман ағамыз қатысты.

Іс-шара Ұлттық музей мен республикалық мешітке саяхаттан басталды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Н. Шойкинмен бейресми жағдайда кездесу өтті. Пленарлық бөлімде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.А. Әзілханов «Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің басымдықтары мен міндеттері туралы» тақырыбында және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ж. Ысқақов «Сабақтастық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің дәстүрлі институты ретіндегі Ақсақалдар кеңесінің рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.

Отырыста кеңестердің аймақтардағы атқарылған жұмыстары мен оның тиімділігі, болашақ ұрпақтың елімізге деген патриотизм сезімін арттыру және басқа да қоғамда орын алып жатқан мәселелер талқыланды.

Пікір алмасу барысында қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие берудегі, әлеуметтік мәселелерді шешудегі аға буын өкілдерінің тәлімді істері атап өтілді.