Балғын балалар – біздің болашағымыз

29 мамыр Достық үйінде Халықаралық балалар қорғау күніне орай «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қозғалыссыз өмір жоқ, би сүймейтін бала жоқ дегендей, бағдарлама аясында қала мектептері қыздары арасында «Заманауи би» сайысы өтті.

Ақмола ҚХА Аналар кеңесінің және  «Қоғамдық келісім» КММ-мен мерекеге орайластырып бірнеше шара өткізген болатын. Атап айтқанда, балалар арасындағы «Ғажайып сурет әлемі», «Дойбы» турниры және «Заманауи ертегі» сайыстары.

Қазылар алқасы барлық сайыстардың жеңімпаздарын анықтап, сый-сияпатын жүлдегерлерге табыстады.

Ал, мерекелік шара соңында балаларды тосын сый, тәтті сыйлық күтіп тұрды. Ақмола облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени орталығының төрайымы, қайырымды кәсіпкер, мейірімді ана Тажбуви Медетова залдағы балаларды мерекемен құттықтап, бәріне балмұздақ таратып, оларды қуанышқа бөледі. Жомарт жанның осынау сыйлығына риза болған бүлдіршіндер Тажбуви апайларына алғысын білдіріп жатты.

Көтерінкі көңілмен, әсем әуенмен, тамаша бимен әрленген осы іс-шара балалардың есінде қалары сөзсіз.