«Достық дәмі» гала- фестивалі
Достық үйінде өткен бүгінгі іс-шара мәресіне жеткен «Достық дәмі» фестиваліне арналды.
Жобаның бастамасы ретінде, 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні Көкшетау қаласында тұратын 17 этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Достық дәмі» фестивалінің түсаукесері өткен. Мамыр- қазан айларында облысымыздың 9 ауданы мен Степногорск қаласының этномәдени бірлестік өкілдері фестиваль аясында қазақ тіліне, әдет-ғұрпына деген құрметін сахналап көрсеткен болатын.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Алмас Алин шараға қатысушыларға құттықтау сөзін арнап, жеңімпаздарды марапаттады. «Достық дәмі» жобасының аясында жаңаша қоғамдық сананы қалыптастыру, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының деңгейін көтеру, қазақ елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті және қазақ тіліне деген құрметті арттыру мақсатында өткен фестивальда Бурабай, Аршалы, Атбасар аудандары жүлделі орындарға ие болды. Қазылар алқасының шешімімен Гран-при жүлдесімен Степногорск қаласының Достық және шығармашылық үйі жанындағы этномәдени орталық мүшелері марапатталды.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов фестивальге қатысқан этномәдени ұйымдарды құттықтап, облыс әкімдігінің Алғыс хатын табыстады.
Гала-фестиваль барысында ҚХАА жанындағы қол-өнер шеберлерінің «Экскурсиялық променад», Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттар көрмесі ұйымдастырылды және концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қорыта айтқанда, «Достық дәмі» жобасы облысымызда тұратын этностардың қазақ халқының құндылықтарын танып, қабылдағаны және рухани игеруі арқылы достық атмосферасында өмір сүріп жатқанын айғақтады.