Әрдайым ізденісте жүретін

Мен Ақмола облыстық Аналар кеңесінің мүшесімін. Зере Еспайқызы әрдайым жол көрсетіп отыратын менің «Темірқазығым» болатын. Аналар кеңесінің төрайымы ретінде әрдайым ізденісте жүретін.

Елімізде қандай да бір өзгерістер болып жатса, соған қарай шұғыл шаралар қолданатын. Еңбекқорлық сынды қажырлы қасиеттерімен Аналар кеңестерінің мүшелеріне дамыл таптырмайтын. Әрдайым жаңа идеяларды іске асыруға асығатын.

Қолөнермен айналысатын адамдарға өзінің жақсы пікірлерін айтып, үнемі ынталандыратын. Оқушылардың, студенттердің басын біріктіретін қыздар клубтарын құрып «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», — деген ұранмен бүкіл күшін, қайратын салып жеткіншектерге, жастарға қазақтың салт-дәстүрлерін үйретіп, әділ, адал жолмен жүруді насихаттап, оларды өз елін сүйетін, білімді, мәдениетті, инабатты болуға тәрбиелеумен айналысатын.

Өзі ашқан клубтардың аттарын Зере Еспайқызы өзі қоятын. Қазіргі қыздардың болашақ ана, келін болатынын үнемі айтып отыратын. Соңғы кезде қоғамда көбейіп кеткен ажырасудың алдын алу істерімен де шұғылданатын. Ауыр қайғыға душар болған марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Зере Еспайқызының жаны жәннатта, иманы жолдас болсын. Қош бол, сізді өте қатты қадірлейтін, үлгі тұтатын Үкіжан Қалиақпарқызы.

Үкіжан Қалиақпарқызы,

ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің ҚХАА жанындағы

сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Одағының мүшесі