«Қош келдің, Наурыз!» ашық сабағы

Өткен жылы «Қоғамдық келісім» КММ жанында Қазақстан этностары арасында мемлекеттік тілді оқыту курстары орталығы ашылды.

Курстардың негізгі міндеті мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, түрлі этностар өкілдерінің қазақ тілін тез меңгеруіне және күнделікті қолдануына ықпал ету болып табылады.

Сабақтар тәжірибелі оқытушының басшылығымен мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемесін қолдану арқылы аптасына бір рет өтеді.

А.ж. 12 ақпан күні мемлекеттік тілді оқыту курстарының тыңдаушылары «Наурыз мейрамы» мерекесінің қарсаңында қазақ халқының салт-дәстүрлеріне арналған «Қош келдің, Наурыз!» атты ашық сабақ өткізді.

Сабақта олар қазақ тілінде өзі, отбасылары туралы айтып, «Қырқынынан шығару», «Тұсау кесу» ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетті, Наурыз мейрамына байланысты салт- дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды білу викторинасына қатысты, қазақтың халық әндерін орындап, өлеңдерін оқыды.

Іс-шара қазақша дастарханнан дәм татумен аяқталды.