«Қазақтану» Ақмола облысы аудандарына сенімді қадам басуда!

Бұл жолы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлт өкілдері арасында қазақ халқының гуманитарлы және адамгершілік қағидаларын, салт-дәстүрлері мен тарихын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасымен кеңінен танысу мүмкіндігіне Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Бұланды және Шортанды аудандарының өкілдері ие болды.

ҚХА жобасын жүзеге асыруға негізделген «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ ұйымдастыруымен және ҚХАА-ның, Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен тақырыптық іс-шара  Ақкөл қаласының №3 орта мектебі ғимаратында өткізілді.

Аудандардан келген түрлі этнос өкілдерінің алдында «Қазақтану» жобасы жөнінде сөз сөйлеген «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы Мейрамбек Қиықов, аталмыш жобаның тұжырымдамасы жөнінде айта келе, қазақ халқының жоғары рухани-адамгершілік құндылықтары, ел тарихы туралы мәнді ойларға толы  ұлы Абайдың «Қара сөздерінен» мысалдар келтірді.

«Бес асық» ойыны бойынша Қазақстан чемпионы, Көкшетау қаласының №18 ОМ 11 сынып оқушысы Құсайынова Томирис ақкөлдік мектеп оқушыларына арнап шеберлік сабағын өткізді.

Өзінің домбырадағы әсерлі ойынымен және жан тебірентерлік әнімен көрермен қауымның жүректерін жаулаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова болды.

Сонымен қатар аталмыш іс-шараға «Асық ату» ойыны бойынша бапкер Көкшетау қ. №8 ОМ Ақтөре Леспай, облыс орталығы мектептерінің Испол Айтуар (№18 ОМ), Әмір Өмірзақов және Қуаныш Қуанышев (№8 ОМ) есімді оқушылары  да белсенді атсалысты.

Әсерлі өткен концерттік бағдарлама, талантты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі «Қазақтану» жобасына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бахыт Мухамедрахимова, Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі