«Сені жақсы көремін, Көкшетау! – Мин яратам сине, Көкшетау!»

Ақмола облысының татар және башқұрт бірлестігінің фестиваль концерті қоғамдық келісім сарайында өтті. Бес жылдан аса өткізіліп жүрген дәстүрлі іс-шараның эпиграфы етіп біздің жерлесіміз, жазушы Ибрагим Салаховтың «Көкшетаудан сұлу жер жоқ, көкшетаулықтардай сүйкімді адамдар жоқ», – деген сөздері алынған.

Қатысушылар сан алуан бағдарламаны ұсынып, әрқайсысы сүйікті қаласы – Көкшетауды әнге қосты. Концерттік бағдарламаға «Галиябану» фольклор ансамблі мен «Яшьлек» би тобы секілді көркемөнер әртістерімен бірге Біржан сал атындағы колледж, музыкалық колледж бен Ақан сері атындағы Мәдениет колледжінің шәкірттері де араласып кетті. Гала концерттің нөмірлері 3 тілде – қазақ, татар, орыс тілінде ұсынылғаны қуантарлық жәйт. Пианинода асқан шеберлікпен ойнау татар әуеніне көшсе, елтіп әкететін саксофон жарқын би өнерімен жалғасын тапты. Концерт бір демде өтті. Көрермендердің толассыз қол шапалақтауы бұған дәлел. Барлық қатысушы бірлестік төрағасы Рафаил Сулькарнаевтың қолынан мақтау қағаз, дипломдар және естелік сыйлықтар алды.