Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының елшісі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қызметімен танысты

Көкшетау қ. Достық үйіне а.ж. 30 шілдесі күні Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода және Елшіліктің бірінші хатшысы Азизджон Хафизовтар келді.

Қонақтарды Достық үйінің залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенованың шәкірттері орындауындағы әнмен қарсы алды. Домбыраның елітіп әкететін үні іс-шараға арқау болды. Қазақ дәстүріне тән жұмсақ бауырсақ пен қымыздан дәм татқызу нағыз үйдегідей әсер қалдырды.

Төтенше және өкілетті елші үшін Достық үйі бойынша экскурсия өткізілді. Хайрулло Ибодзода Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қызметімен танысып, әрбір ЭМБ-ге Тәжікстанның көрнекті жерлеріне арналған дискіні естелікке сыйлады. Аса бағалы сыйлық «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық мәдени орталығына тарту етілді. Енді «дутар, рубаб, дойра» сияқты ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ қыштан жасалған «таблак» бұйымы орталық кабинетінің сәнін келтіріп тұрады.

Экскурсиядан кейін конференция залында тәжік диаспорасының, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу болып өтті. Хайрулло Ибодзода құттықтау сөз сөйлеп, біздің елдер арасындағы қарым-қатынас экономикадан бастап мәдениетке дейін көптеген бағытта дамып, екі халық достығы жылдан-жылға бекіп жатқанын атап өтті. Елші естелік ретінде Ақмола ассамблеясына заравшан қолтаңбасы мәнерінде әзірленген картинаны сыйға тартты. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Индира Ыбыраева сыйлық үшін алғыс айтып, алдағы ынтымақтастыққа сенім білдірді де, өз кезегінде Хайрулло Ибодзодаға астау ұсынды.

Кездесу барысында тәжік ұлттық мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаров, чуваш этномәдени орталығының төрайымы Елена Мащинская, Ақмола облысының орыс қауымының төрағасы Александр Артеменколар түрлі ұсыныс-тілек айтты.

Кездесу соңында Тәжікстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі  Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының келушілер кітабына тілек жазып қалдырды.