Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен «Сыбаға» қайырымдылық акциясына бастама берілді!

«Сыбаға» қайырымдылық акциясының бастамасын Көкшетау қаласындағы «Ана үйі» аналар үйіне ақпанның бірінші күндері барған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы жасады.

Дағдарыс орталығының тұрғындары ішінде қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдер бар. Олардың әрбірінің басында, кез-келгенге айта бермейтін мұңды өмір тарихы, қасіреті бар.

ҚХАА жанындағы СҚӨ шеберлері одағының мүшесі Лидия Власенко аналар мен олардың кішкентай бүлдіршіндеріне өз қолынан жасалған қуыршақтарды ала келді, себебі тоқыма өнері Лидия Ивановнаның сүйікті ісі ғана емес, өмірінің ажырамас бір бөлшегі саналады. Одан бөлек, ол күнделікті тұрмыста қажет заттарды сатып алу үшін «ақшалай» конверт те сыйға тартты.

Әдемі жиналған жемістер мен азық-түліктері бар «Сыбаға» қоржынын «Ана үйінің» аналары мен балаларына ҚХАА жанындағы СҚӨ шеберлері одағының төрағасы Ибрагим Исенов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің маманы Алтынай Күлжанова, қолөнер шеберлері Гүлнар Орынбаева, Гүлбара Нұрқанова және Қырмызы Байтасовалар әкелді.

Ерекше әсерленген дағдарыс орталығының аналары Достық үйінен келген қонақтардың өздеріне деген назарлары мен мейірімділіктері үшін алғыстарын білдірді. Қонақтар болса, өз кезектерінде жақында ғана «Ана үйінен» шығып, қазіргі таңда жеке дара пәтер жалдап, еңбек етіп жатқан екі анаға киім-кешек және ас үйге қажетті бұйымдар жағынан көмектесетіндерін жеткізді.

Айта кетсек, Ана үйінде жасы 25-ке дейінгі әйел адам өз туған баласының бір жарым жасқа толғанша дейін тұра алады. Ана үйін ашудың басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған жас аналарды қолдау, балаға қажетті қарапайым күтімдерді жасауына жағдай туғызу, жас ананың қиындыққа мойымай, баланы жетімдер үйіне беруін болдырмау саналады. «Ана үйінің» басты миссиясы – бұл баланы отбасында сақтау, әлеуметтік жетімдікті азайту болып табылады.

Қазақ тілінен аударғанда «сыбаға» сөзі енші деген мағынаны білдіреді. Ежелгі қазақ дәстүрі бойынша әр құрметті қонаққа, тіпті, жолда келе жатып қонуға келген жүргіншіге де «сыбаға» беру міндеттелген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асырылып жатқан «Сыбаға» акциясының негізгі мақсаты – қараусыз қалған егде жастағы жандарға, жетімдерге, науқастарға, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек, қолдау көрсету саналады.

Бахыт Мухамедрахимова-Тасова, Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз-хатшысы.

Фото автордан.