Өз халқыңның дәстүрлерін біліп, құрметтеу қажет

А.ж. 22 шілдесі күні біздің қонақжайлы Көкшетау шаһарына қазақ диаспорасының өкілдері – Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарынан оқушылар келді. Бағдарлама өте мазмұнды болды. Балаларды қонаққа шақырған Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының өкілдері экскурсияны сан алуан және танымдық етіп өткізуге тырысты.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы оқушыларды қуана қарсы алды. Достық үйінің залында жас домбырашылар Нұрай Қажығалиева және Малика Сатыбалдиналар «Көкшетау» әнін орындап, қонақтарға тосын сый жасады.

Содан кейін балаларды конференция залына шақырып, онда «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов біздің өлке және Ақмола облысының танымал тұлғалары туралы айтса, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 175-жылдығын мерекелеуге қатысу жайында әңгіме қозғады. Қонақтарды Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылығы атынан бас маман Индира Ыбыраева қошеметтеді.

Көкшетау қ. № 17 орта мектебінің «Мәншүк» клубының жетекшісі Айнагүл Жазиева және оның бойжеткен қыздары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Меймандар Қазақстан Республикасының халық әртісі Бисара Макенова орындаған Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін рахаттана тыңдап, оған қосылып отырды.

Кездесуден естелік болсын деп «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов қонақтарға Ақмола облысының туризмі туралы кітапты, ал облыстық Аналар кеңесінің төрайымы қазақ оюымен тігілген қабырғаға ілетін кенеп мата сыйлады. Меймандар да өз кезегінде естелік сыйлықтарын тарту етті.

Бұдан кейін мектеп оқушылары үшін Достық үйі бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олар этномәдени бірлестіктердің кабинеттерін аралады, әр түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысты.

Іс-шара соңында Ресейден келген балалар қонақжайлы Достық үйіне алғыс айтып, олар осы Қазақстанда ғана өзін үйдегідей сезініп, үлкен елдің бір бөлшегі екенін түсініп, өз халқыңның дәстүрлерін біліп, құрметтеп жүру аса маңызды деген ой түйді.