Домбыра – қазақ халқының жаны

2019 жылғы 7 шілдеде Ұлттық домбыра күні аясында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Қасиетті домбыра» акциясын өткізді. Оның негізгі мақсаты – әр отбасыда болуы тиіс қазақ ұлттық аспабы домбыраны көпшілікке танымал ету жолымен ұлттық мәдениетті сақтау және қайта жаңғырту идеясы төңірегінде қазақстандық қоғамды топтастыру. Себебі домбыра үнінен жаңғырған дала дауысын естиміз.

Акция аясында Ақмола ассамблеясының өкілдері облыстық перинаталдық орталыққа барды. Осы күні бірінші болып екі сәби дүние есігін ашты. Алғашқысы ұл бала Әлі Ахмет сағат 00.15-те туып, Елубаевтар жанұясын қуантты. 35 минут өткеннен кейін Уалихановтар отбасына қуаныш сыйлаған Әнел есімді қыздың шақалақ дауысы естілді.

ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова және «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы Мейрамбек Қиықовтар бата-тілектерін айтып, облыстық ассамблеяның төрағасы атынан Елубаев пен Уалиханов жанұяларына бір-бір домбырадан тарту етті.

Осы сыйлық сәбилердің рухани қалыптасуына негіз болып, бірнеше жылдан соң олар өз өнерімен еліміздің даңқын шығарады деген сенімдеміз.