Бүкіл ел болып көмектесейік!

Ақмола ассамблеясы мейірім, бейбітшілік жолында әрқашан барша жұртқа, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға тырысады.

А.ж. 8 тамызында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қабылдауына Көкшетау қ. тұрғыны Қозыбай Қожақаев келді. Ол өзінің 2004 ж.т. жиеніне оның отбасы оңалтудың күрделі курсын төлей алмайтындықтан, Алманияда ем-дом алу үшін материалдық көмек қажеттігін айтты. Қыз балаға Алманияда ота жасалған. Оған қайта қаралу мен ары қарай емделуді дәл осы клиникадан өту қажет екен.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы көмекке келді. 16 тамыз күні Достық үйінде қайырымдылық акциясы өтті. Оған этномәдени бірлестіктер, ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі, мекеме-ұйым өкілдері қатысты. Қыздың анасы орын алған жағдай туралы айтып берді. Жиналғандар қолдан келгенше көмектесеміз деп шешті. Ем-дом үшін жиналған ақша отбасыға берілді. Зарапова Гүлмира Қожақайқызы акцияға қатысушыларға алғыс айтып, бәріне өмірдегі ең басты байлық – денсаулықты тіледі.