Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тарихшы студенттерінің «Шаңырақ» командасы өңіріміздің этностық сан алуандығын таныстырды

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері 2018 жылғы 5-6 сәуірде Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен «Тарих» мамандығы бойынша республикалық Х студенттік пән олимпиадасына қатысты.

Олимпиаданың мақсаты – неғұрлым дарынды студенттердің шығармашылық қабілетін ашу, оларды іріктеу мен қолдау; студенттердің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жәрдемдесу; қазіргі заманның ғылыми мәселелерін шешуге студенттер мен жас ғалымдарды тарту; мамандығы бойынша ғылыммен айналасуына қызығушылықты дамыту. Олимпиадада қазақ және орыс тілі қолданылды.

Олимпиадаға қатысу үшін Халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыс кафедрасы ІІ-ІV курстың 4 үздік студентінен команданы құрды. Оның құрамында Есболат Айкен, Амангелді Оразов, Әлия Кадырова, Анна Богдановалар бар. Студенттерді тарих ғылымының кандидаты, кафедра меңгерушісі А.Қ. Қапышев апарды. Олимпиада 4 айналымнан тұрды.

Бірінші айналым сәлемдесу жарқын өтті. «Шаңырақ» деп аталған команда өзін таныстыра отырып, логотиптің мән-мағынасын ашып беруге тырысты. Студенттердің идеясы Ақмола облысында тұрып жатқан этнос топтарының бейбітшілік пен келісімін шығармашылық өнер түрінде көрсету болды. Әр студент, атап айтқанда Әлия кәріс, Амангелді шешен, Аня поляк және Есболат қазақ ұлттық киімін киіп шықты. Ұлттық киімдерді Ақмола облысы әкімінің аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ұсынғанын айта кетейік. Әрбір студент сөз сөйлеп болған соң, өзі таныстырып тұрған этностың биін биледі де, ең аяғында бәрі  «қара жорғаны» биледі. Жалпы алғанда көрсеткен өнерлері жарқын, ширақ болып, мұны көрерменге толы зал өте жақсы қабылдады. Ал қазылар жоғары ұпай берді. Студенттер өз қолымен киізден облыстың, кафедра мен университеттің эмблемасы бар кәдесый сөмкелерін дайындаған еді. Олардың ғылыми жобасы киіз тақырыбына арналғандықтан, әділ қазыларға аталмыш сөмкелер көрсетілді. Студенттер ғылыми жобасын таныстырып қана қоймай, кәдесый сөмкелерін жұртқа көрсете білді. Сондай-ақ студенттер тестілеуді ойдағыдай тапсырып, тарихтан сұрақ-жауап ойынына қатысты. Олар барлық кезеңді артқа тастап, қиын бәсекеде жүлделі үшінші орынға ие болды.