Абайға 175 жыл

Абай –  ұлттың рухани ұстазы

«Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген А.Байтұрсынов.

Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты кітабында, Абай «Адам болам десеңіз» деген тезисінде Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы болғандықтан, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып білу қастерлі міндеттеріміздің бірі болып саналмақ десе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған іс- шаралардың халқымызға ой салатын, ұрпағымыздың санасының көкжиегін кеңейтіп, тəрбие-тағылым алатындай маңызды мағаналы істер атқаруымыз керек деп айтуы Абай іліміне ғылыми тұрғыдан мемлекеттік деңгейде өте жоғары мән берілетіндігі айтылды.

Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін əрбір қазақ баласы, халқымыз оқып санамен, жүрекпен қабылдап өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігін сезінесің. Абайдың өз заманында айтқан ой толғанысы қазіргі заманмен үндесіп тұруы халқының, бүгінгі ұрпақтың болашағын ойлаған кемеңгер көреген ойшыл екенінде. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайдың кітабы мен Мұхтар Əуезовтың «Абай жолы» романы тұруы əрбір отбасында болуы керек деген ұсынысын толығымен қолдаймын. Абай тұлғасы мен мұрасын елімізде ғана емес шетелдерде де насихаттау ол біздің рухани байлығымызды, мәдениетімізді халықаралық деңгейге көтеріп Абайдың ұлылығын асқақтату. Ең басты мақсат өткізілетін іс-шаралардың өскелең ұрпаққа тəрбиелік маңыздылығында болатындығында.

 Президентіміз өз сөзінде Абайдың арманы халықтың арманы дей келе халықтың арманы мен аманатын орындау жолында ештеңеден аянбаған дұрыс деп жұмырықтау жұмылып бірігуге шақырады. Халқымызға бірлік береке беріп ұлы Абайдың мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге жазсын.

Мейрамбек Қиықов,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

«Қазақ тілі мен мәдениеті»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Абай Құнанбайұлы  175-жыл

Биыл барша ел болып қазақ ұлтының біртуар азаматы, данышпан, ағартушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес  қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының  175-жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанымыз белгілі.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175-жылдығын атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарыққа шықты. Аталмыш мақалада қазақ қоғамының рухани өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше тұлғаның өмірі мен шығармашылығының мәні кеңінен сөз етіледі. Президентіміз өз мақаласында Абай мұраларының  қазіргі қоғамға қаншалықты қажет екендігін айтады. Абай өмір сүрген заман мен қазіргі уақыттағы адамдардың сана-сезімі, ой-өрісі, өркениеттік даму деңгейі түрлі болғанмен, ұлы ойшыл насихаттаған, өз туындылары арқылы болашақ ұрпаққа жеткізбек болған ойлары, бүгінгі күні де өз құнын еш жоғалтқан емес. Керісінше, қазақтың дара ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Атақты ақын – сөзі алтын хәкім Абайға» атты өлеңінде:

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!»- деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, – деп айтқандай, дана Абайдың өмірі, мұрасы, уақыт өткен сайын қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемде өз орнын тауып, мойындалып келе жатқандығы белгілі. Өзінің философиялық ой-өрімдерге  толы өлеңдерінде Абай Құнанбайұлы  адамның жеке бас мәселелерінен бастап, күрделі әлеуметтік сұрақтарды, адам мен адам, түрлі жас өкілдерінің, қоғамның түрлі санаттарының бір-бірімен қарым-қатынасын  қозғайды. Ал, оның қара сөздері адам өміріне, ой-санасына, дүниеге, жаратылысқа,  терең бойлай отырып жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын, мән-мағынасы ерек туынды. Президентіміз өз  мақаласы арқылы біздер жастар қауымын елдің қамын ойлаған ойшыл атамыздың мұрасын терең зерделеуге, оның шығармаларының мәніне барынша үңілуге, оқып, жаттап қана қоймай бойымызға сіңіруге шақырады. Осы ретте, барша Қазақстандықтарды, оның ішінде жастарды биылғы жылы Абай атамыздың 175-жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге барынша үлес қосуға шақырамын.

Анжелика Соколова,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі

 

Ұлы Абай мұрасын қайта жаңғыртқан мақала

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ақынды ұлықтаған “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты 2020 жылдың 9 қаңтарында жарық көрген мақаласын Қазақстан халқы ыстық ықыласпен қабыл алды.

Биыл халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтейін деп отыр. Президентіміз бұл шараға үлкен назар аударып, мұның бәрі тек той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымыз үшін өткізуіміз керек дейді.

Мақалада бізді қуантып, көңілімізден шығып отырғаны ұлы ойшыл, өзінің даналығынан туындаған қара сөздерімен бүтіндей халықтың ұстазына айналған Абай Құнанбайұлының асыл мұрасы парасатты ұлт қалыптастыруда рухани азық ретінде қарастырылады. Шын мәнінде, ХІХ ғасырда қара сөздерімен халықты парасаттылық пен адамгершілікке шақырып, ұлттық сананы жаңғырту жолында идеологиялық күрес жүргізген Абай бабамыздың шығармашылығын зерттеп, насихаттау еліміздің ХХІ ғасырдағы дамуында өзекті, әрі қажетті мәселе болып табылатыны айдан анық.

Өткен жылы Абай бабамыздың шығармаларын насихаттауға арналған елдік шараға Президенттің өзі қатысып, қолдау көрсетуі дүйім жұртқа үлгі болып, тіпті халықаралық челленджге айналғанына баршамыз куә болдық. Бұл өз алдына Абай мұрасын тағы бір зерделеп шығуға түрткі болды.

 

Абай шығармашылығының құндылығы соншама, оны зерттеп, кеңінен насихаттау арқылы үлгілі, бәсекеге қабілетті қоғамның барлық сұранысына жауап беретін тұтастай бір мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға болады.

Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық мақаласын қоғамның дамуына жаңа дем беріп, еліміздің белсенді дамуына апаратын бірден-бір сара жол деп қабылдаймыз!

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Утегенов Марат Зеннатұлы

Ш.Уәлиханов ат. Кокшетау мемлекеттік университеті.

 

Карина Роот: Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы

Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болады.

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, философ Абай. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Cондықтан да болар қазақ халқының біртуар азаматы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек», – деген түйін айтады.

Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.

Ақын мұрасының өзінен кейінгі ұрпаққа берер пайдасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абайдың шығар­маларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы», деген пікірін келтіреді.

Абай халықты бақытты бола­шаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол өзінің бір сөзінде: «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек», – деп атап өтті.

Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылым мен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.

Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол — оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Абай – халықтың үлгі тұтар қайраткер тұлғасы, данышпандық пен парасаттылықтың қайнар көзі.

2020 жылы аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы – күллі адамзат баласына ортақ мейрам. Атаулы күнді барынша кең ауқымда атап өту мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Жас шамасына қарамай, әрбіріміз ұлы ақынның мерейтойлық жылын жоғары деңгейде өткізуге үлесімізді қосуымыз қажет.

Карина Роот, Ақмола облыстық ҚХА мүшесі,
Ж. Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің студенті

Leave a Reply

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.